Пол Кимнің қатысуымен өткен семинарлар

28.04.2026

2026 жылғы 28 және 30 сәуірде Алматы және Астана қалаларында Пол Кимнің қатысуымен семинарлар өтті. Пол Ким – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жасанды интеллект жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі, Стэнфорд университеті Жоғары білім беру мектебінің бұрынғы қауымдастырылған деканы және технологиялар жөніндегі директоры (CTO), сондай-ақ AI-SANA бағдарламасының II және III кезеңдерінің әзірлеушісі.

Іс-шаралар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, «Ғылым қоры» АҚ және ZEMEX Inc. компаниясының ұйымдастыруымен, «Platonus» ЖШС-мен серіктестікте және «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен өткізілді.

Алматы қаласындағы семинар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында өтіп, оған 350-ден астам студент пен куратор қатысты. Астанадағы семинар Astana IT University базасында ұйымдастырылып, оған 600-ден астам студент пен куратор, сондай-ақ Zoom платформасы арқылы қосылған қатысушылар қатысты.

Бағдарлама екі бөлек бөлімнен тұрды. Студенттерге арналған бөлімде Пол Ким стартаптық ойлау мәдениеті, AI-экономиканың мүмкіндіктері және дұрыс қойылған сұрақтың болашақ жобаның негізіне айналуы туралы баяндады. Ал кураторларға арналған бөлімде SMILE әдіснамасы, AI-коучинг және студенттерді тиімді сүйемелдеу тәжірибелері кеңінен қарастырылды.

Бағдарлама аясында Астана қаласындағы семинарда «Ғылым қоры» АҚ Басқарма төрағасы Арман Ашкин сөз сөйлеп, AI-SANA бағдарламасының ғылымда, білім беруде, кәсіпкерлікте және экономиканың нақты секторында жасанды интеллектті қолдана алатын жаңа буын мамандарын даярлаудағы маңыздылығын атап өтті.

«Ғылым қоры» АҚ жасанды интеллект құзыреттерін дамытуға, ғылыми идеяларды коммерцияландыруға және еліміз үшін практикалық AI-шешімдер әзірлей алатын жаңа буын мамандарын қалыптастыруға бағытталған бастамаларды алдағы уақытта да қолдауды жалғастырады.

  Семинар бейнежазбасы

Ескерту:

Іс-шара барысында көптілді қолдауды қамтамасыз ету мақсатында TilSync жүйесі пайдаланылды. Бұл — Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) әзірлеген нақты уақыт режимінде синхронды аударма мен транскрипция жасауға арналған AI-шешім.

TilSync қосымшасы сөйлеуді лезде мәтінге түрлендіреді, бірнеше тілге ең аз кідіріспен аударма жасайды, кез келген қосымша үстінде субтитрлерді көрсетеді, сондай-ақ қатысушыларға QR-код арқылы аударма мен аудиоарнаға қосылуға мүмкіндік береді. Жүйе қостілді субтитрлерді, бес тілді (ағылшын, қазақ, орыс, қытай және түрік) қолдайды, сондай-ақ сессиялардың транскрипттері мен жазбаларын автоматты түрде сақтайды.